IUTH «Халық» қайырымдылық қорымен меморандум жасасты

Халықаралық туризм және меймандостық университетіне «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов іс сапармен келді.

Алдымен, Нариман Әбілшайықов университет студенттері мен қызметкерлеріне арнап  «I CAN» атты арнайы көшбасшылық дәрісін өткізді. Онда кәсіп әлеміндегі өзіндік тәжірибесін көрсете отырып, қоғамға пайдалы болу тәсілдерімен бөлісті.

Одан әрі, іс сапар барысы екі жақты ынтымақтастық туралы келісіммен жалғасты. Атап айтсақ, Нариман Әбілшайықов басшылық ететін «Халық» қайырымдылық қоры мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті меморандумға қол қойды. Университет Басқарма төрағасы-Ректоры Әлібек Шоқпаров меморандумның маңызын түсіндіріп, Нариман Әбілшайықовқа алғысын білдірді.

«Еліміздегі туризм индустриясы үшін кадрлар дайындайтын жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны ретінде біз университетті кәсіпорындармен, туристік ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен серіктестігіне негізделген, жастарды туризмге тартуға бағытталған университеттің жаңартылған (әлеуметтік) миссиясын анықтадық. Ол әлеуметтік-пайдалы іс-шаралар және аймақтың, жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ат салысу. Осы мақсатта, бүгін біз «Халық» қайырымдылық қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Алдағы уақытта екі жақты келісімнің арқасында біршама жұмыстар жүзеге асады деген ойдамын» – деді, Әлібек Жұмабекұлы.

Алдағы уақытта екі жақты ықтымақтастық туралы келісім шарт аясында төмендегі шарттар жүзеге асатын болады.

  • волонтерлік қозғалыс бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • жастар арасында волонтерлік қызметті жүйелі түрде насихаттау;
  • білім беру семинарларын, тренингтерді, оның ішінде әлеуметтік және қайырымдылық шараларды өткізу;
  • волонтерлік бірлестіктерге жетекшілік ету, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
  • волонтердiң тиiмдi практикалық қызметi үшiн жаңа оқу материалдарын әзiрлеу және бар оқу материалдарын толықтыру;
  • волонтерлер мен волонтерлар қозғалысының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру;
  • волонтердің оң имиджін қалыптастыру және IUTH-те волонтерлік қызмет туралы ақпаратты тарату, оның ішінде ақпараттық материалдарды, интернет-ресурстарды құру және уақытша тегін пайдалану үшін қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету;
  • волонтерлік қызмет процесінде волонтерлердің белсенділігін ынталандыру және көтермелеу жүйесін әзірлеу;
  • волонтерлік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілерді қоса алғанда, ішкі нормативтік құжаттарды әзірлеу және олардың интернет-ресурстарында қоғамдық игілікке жариялау, орналастыру.

IUTH Медиа және PR орталығы