Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Франция мемлекетінің Қазақстандағы Бас консулы Фабрис Невемен іскерлік кездесу өтті.
Басқарма төрағасы – Ректор Әлібек Шоқпаров Франциядағы жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық, кәсіби тәжірибе алмасу сынды маңызды мәселелер туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін әрі бұл университет үшін маңызды қадам екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Франция арасында қарым-қатынас өте тығыз, әсіресе білім саласында. 2022 жылы Парижде Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындарының форумына қатыстым. Сол кездесуде де Франция Қазақстанмен бірігіп қосымша оқу бағдарламаларын жасағысы келетінін білдірген еді. Ендігі кезекте заңнама жағынан екі тарап келісетін болсақ, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Әлібек Жұмабекұлы.
Арнайы келген консул халықаралық туризм және меймандостық университетіне өз ықыласын айта отырып, бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстандағы Француз-қазақ университетінің жобасына тоқталды.
Қазақстандағы француз-қазақ университет жобасы – жоғары білім саласындағы француз және қазақстандық оқу орындарының қатысуымен институционалдық ынтымақтастық болып табылады. Яғни, француз-қазақ бағдарламаларын, атап айтқанда қос дипломдық бағдарламаларды, ғылыми ынтымақтастық жобаларды ортақ мүддеге біріктіретін мекеме. Оның негізгі мақсаты, бірлескен жоғары білім беру бағдарламаларын үйлестіру және ілгерілету, француз және қазақстандық университеттер арасындағы студенттік және оқытушылық ұтқырлықты дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу болып табылады. Университет Басқарма төрағасы – Ректор Әлібек Шоқпаров заңнама талаптарына сай екіжақты келісім орындалса, тиісті министрлікпен ақылдасып, мемлекет тарапынан жүзеге асатын бұл қаржыландыруға ұсыныс беруге болатынын айтты.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 12 шетелдік университеттің филиалы ашылған. Оны ашудың екі жолы ғана бар: шетелдің дербес филиалы. Мәселен, Алматыдағы De Montfort университеті. Екінші жолы: бірігіп білім беру бағдарламасын дайындап, мемлекет тарапынан гранттық қаржыландыру. Сондықтан филиал ашқымыз келсе, ол тек екіжақты шарт жасасумен ғана болады», – деп түсіндіріп өтті Әлібек Жұмабекұлы.
Кездесу соңында, екі тарап алдағы уақытта қолайлы ұсыныстар мен келісімдер жасауға тырысатынын, ынтымақтастық одан әрі артатынын жеткізді.
IUTH Медиа және PR орталығы