IUTH Халықаралық туризм күнін атап өтті

Бүкіләлемдік туризм күніне орай Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Махмұтұлының жетекшілігіндегі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің ұйымдастыруымен ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Аталмыш шарада, университет қызметкерлері, оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер, сондай-ақ, туризм саласында қызмет етіп, ілгерлеуіне ықпал жасап жүрген бірнеше сала өкілдері қатысты. Атап айтсақ, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының «Туризмді дамыту және туристік жобаларды іске асыру бөлім» басшысы Нұрдаулет Данабайұлы, «Open Turkistan» ЖШС туристік ақпараттық орталығынан Серикболсын Галидинұлы, Түркістандағы «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы және тағы басқа сыйлы қонақтар болды.  

Мерекелік кешті Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төраға-Ректор міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова ашып берді.

«Туризм – әлемнің әрбір оныншы тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп келе жатқан сала. Көптеген əлем мемлекеті үшін бұл экономиканың қозғаушы күші, қаржының қайнары, жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді табыс көзі. Сондықтан бүкіл планетаның адамдары үшін үлкен маңызға ие, өйткені, ең алдымен, туризм мемлекет арасындағы тығыз байланысты, әртүрлі ұлт пен дін өкілдерінің өзара қарым-қатынасын дамытады. Әрине, күнтізбеде бұл күн 27 қыркүйек, бірақ, Халықаралық Туризм және меймандостық университеті осы салада мамандар дайындайтын Қазақстандағы бірінші бейінді университет болғандықтан мейрамды ерекше атап өткіміз келді. Баршаңызды халықаралық туризм күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын» – деді, Қарлығаш Аралбекова.

Сондай-ақ туризм саласында еңбегі сіңген біршама қонақтар мен университет қызметкерлері және белсенді студенттерге арнайы алғыс хаттар табысталып, мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

IUTH Медиа және PR орталығы