IUTH Alanya Alaaddin Keykubat университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

29 қыркүйек және 6 қазан аралығында Түркиядағы Alanya Alaaddin Keykubat университетінде «Қазақстандық туризмді жаһандық деңгейде жақсарту үшін саяхатшылардың шолуларына негізделген Big Data талдауы және мәтінді өңдеу» жобасын жүзеге асырушылардың іс-сапары өтті.

Іс-сапар қорытындысы бойынша:

  • «Alanya Alaaddin Keykubat» университетімен (Түркия, Алания) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
  • IUTH Түркия жоғары білім беру кеңесінің (YÖK) тізіміне енді;
  • Аланияның Туризм секторындағы қонақ үй иелерінің қауымдастығымен Алания қаласындағы 5* қонақүйлерде IUTH студенттері үшін жазғы тағылымдама мен халықаралық тәжірибені ұйымдастыру және өткізу бойынша келіссөздер жүргізілді;
  • Ректор, проректорлармен, туризм және спорт факультеті, профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, сондай-ақ, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын ашу мәселелері бойынша кездесу өтті;
  • Ғылыми семинар және жобаны жүзеге асырушы топпен кездесу және «Қазақстандық туризмді жаһандық деңгейде жақсарту үшін саяхатшылардың шолуларына негізделген Big Data талдауы және мәтінді өңдеу» гранттық жобасы бойынша баяндама дайындалды;
  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға арналған ғылыми жоба тақырыптары талқыланды.

Екіжақты меморандумды Алания университетінің ректоры Кенан Ахмет мырзаға Халықаралық туризм және меймандостық университетінің академиялық және ғылыми істер жөніндегі вице-ректоры Әділ Күлтай Ағытайқызы табыстады.

Ынтымақтастық туралы меморандумның арқасында Халықаралық туризм және меймандостық университеті интернационалдандыруға тағы бір қадам жасады. Мұндай халықаралық келісімдер университет беделін көтеріп, болашақ түлектерге пайдасын тигізеді деген ойдамыз.

Alanya Alaaddin Keykubat университеті (ALKU) – Аланиядағы мемлекеттік университет. ALKU бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша негізгі 8 факультетте (туризм, бизнес, инженерия, медицина, білім, спорт ғылымдары, денсаулық сақтау, стоматология) мамандарды дайындайды.

IUTH Медиа және PR орталығы