Құқық туралы ақпараттық түсіндіру жұмысы

15 ақпан күні Әділет департаменті және Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен “Jastarga bagyt” жобасы аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу өтті.

Кездесу мақсаты: Студенттерге тәуелсіз еліміздің құқық қорғау органдарының міндеттерін, құрылымын, олардың мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік құрылым екендігін ұғындыру. Сондай-ақ адвокаттардың, заң консультанттарының, нотариустардың жеке сот орындаушылардың қатысуымен мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін көрсету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жиынға Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Бекетұлы, Түркістан облысының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Мақсат Сауран, Түркістан облысының нотариаттық палатасының төрағасы Райымқұл Шаймерденұлы Исхаков, Түркістан-Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттар төрайымы Айгүл Әліханқызы Орақбаева, Түркістан облысының адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы Қайрат Уәлиханұлы Қамбаров қатысып, студенттерге заң аясында кеңінен ақпараттар берді. Соның ішінде қоғамда тәртіп сақтау туралы жалпы ережелерге тоқталып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы туралы айтылды.

Заң палатасы қоғамдағы ең басты мәселе Қазақстан Республикасы әрбір азаматының мемлекет тарапынан құқығын қорғау және сақтау – заң қызметкерлерінің абыройлы міндеті болып саналатынын жеткізді. Кездесу соңында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен талқыланған тақырып бойынша сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді.