IUTH пен University of Arizona арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде.

Халықаралық туризм және меймандостық университетінде University of Arizona өкілдерімен ресми кездесу өтті. Университетімізге Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман, University of Arizona профессоры Ола Лундемо, халықаралық бағыт жетекшісі Рикки Салазар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент Дженни Ли арнайы келді.

Кездесудің негізгі мақсаты — IUTH пен University of Arizona арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту, Sustainable Tourism Undergraduate Certificate сертификаттық бағдарламасының нәтижелерін талқылау және болашақ ынтымақтастық бағыттарын айқындау болды.

Аталған бағдарлама IUTH студенттеріне тұрақты туризм, экотуризм, дестинацияларды басқару  саласындағы халықаралық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарламаның алғашқы кезеңі Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман мырзаның қолдауымен жүзеге асырылды.

Сертификаттық бағдарламаны 6 студент сәтті аяқтап, University of Arizona сертификаттарына ие болды. Бұл — студенттеріміздің халықаралық деңгейдегі білім мен кәсіби құзыреттерді меңгеру жолындағы маңызды жетістігі.

Кездесу соңында бағдарламаға қатысқан студенттерге сертификаттар табысталып, университет атынан құрметті қонақтарға алғыс айтылып, естелік сыйлықтар ұсынылды.

IUTH University of Arizona-мен әріптестікті жоғары бағалайды және алдағы уақытта тұрақты туризм, академиялық бағдарламалар, студенттік жобалар мен халықаралық ынтымақтастық бағыттарында бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті.