
AP23490104 «Түркістан облысындағы діни туризм нысандарының ақпараттық әлеуетін зерделеу: 4 тілде мультимедиялық интерактивті атлас әзірлеу» ғылыми жобасы аясында жоба орындаушылары Малдыбек А.Ж. мен Қ.Р. Қаратышканова Түркия Республикасында ғылыми іссапарда болды.
Іссапардың мақсаты – Түркияның Конья және Стамбұл қалаларындағы діни-тарихи мұра нысандарын зерттеу, олардың тарихи сабақтастығы мен қазіргі жай-күйін зерделеу, сондай-ақ Түркістан өңірінің діни туризміне арналған төрт тілдегі мультимедиялық интерактивті атласты әзірлеуге қажетті ғылыми, ақпараттық және визуалды материалдарды жинақтау болды.
Зерттеу барысында Конья қаласындағы кесенелер, мешіттер, медреселер және сопылық дәстүрмен сабақтас мәдени-тарихи мұра нысандары жан-жақты қарастырылды. Олардың мәдени мұраны сақтау, дәріптеу және туристік ақпараттандыру бағытындағы тәжірибесі талданып, Стамбұл қаласындағы діни нысандармен тарихи және рухани сабақтастығы салыстырмалы түрде зерделенді.
Ғылыми зерттеу нәтижесінде ислам сәулет өнері, сопылық тарихы мен философиясына қатысты құнды ғылыми материалдар жинақталды. Әсіресе, Селжүк және Осман дәуірлерінде қалыптасқан сопылық дәстүрлердің ерекшеліктері, тариқаттардың дамуы және олардың қоғамның рухани-мәдени өміріндегі орны жөнінде маңызды деректер алынды.
Іссапар аясында жоба орындаушылары Стамбұл қаласындағы Мармара университетінің Дінтану факультетінің профессорлары Неждет Тосун, Али Намлы және PhD Бумайриму Абудукелимумен ғылыми кездесу өткізді. Кездесу барысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасы, сопылық ілімі, діни туризмді зерттеудің өзекті бағыттары мен заманауи ғылыми әдіснамасы талқыланып, ғылыми тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, Стамбұл қаласындағы тарихи мешіттер, кесенелер және діни-рухани орталықтарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында нысандардың тарихи-мәдени құндылығы, оларды сақтау, дәріптеу, туристік айналымға енгізу және цифрлық форматта таныстыру тәжірибесі зерделенді.
Кітапханаларда, ғылыми орталықтарда және діни-тарихи нысандарда жүргізілген зерттеулер сопылық дүниетанымның эволюциясын, тариқаттардың қалыптасу үдерісін және олардың қоғамның рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін жан-жақты талдауға мүмкіндік беретін дереккөздер қорын толықтырды.
Ғылыми іссапар нәтижесінде жинақталған ғылыми, ақпараттық және визуалды материалдар жоба аясында әзірленетін төрт тілдегі мультимедиялық интерактивті атластың мазмұнын байытып, Түркістан облысындағы діни туризм нысандарының халықаралық деңгейде танылуына және насихатталуына өз үлесін қосады.