IUTH Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Халықаралық туризм және меймандостық университеті Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар арасындағы келіссөзді Университет Басқарма Төрағасы-Ректоры Әлібек Шоқпаров пен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университет Басқарма Төрағасы-Ректоры  Бейбіткүл Каримова жүргізіп, арнайы келісім жасасты.

Алдағы уақытта, екі университет білім беру, ғылыми және инновациялық қызмет салаларындағы ынтымақтастық, университеттер арасындағы серіктестік жүйесін дамытуды қамтамасыз ету мақсатында бірнеше бағытта бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Атап айтсақ:

  • Университеттердің даярлау бағыттары бойынша бакалаврларды, магистрлерді, PhD докторанттарды даярлау шеңберінде ғылыми орталықтар, зертханалар базасында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми тағылымдамаларды өткізу.
  • Академиялық ұтқырлық бағдарламасы, бірлескен/қос дипломды білім беру бағдарламалары, кәсіптік білім беруді іске асыру, жоғары білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау немесе олардың біліктілігін арттыру.
  • Нақты, жаратылыстану, техникалық, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы қолданбалы, іздестіру, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді, сондай-ақ пәнаралық зерттеулер мен әзірлемелерді орындау.
  • Идеялармен, ақпаратпен және технологиялармен алмасу үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ келісілген басым бағыттар шеңберінде бірлескен зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыру.

Айта кетейік, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті 1937 жылы құрылған, еліміздегі тарихы терең жоғары оқу орындарының бірі. Сондай-ақ, университет қазіргі таңда, Түркия, Канада, Корея Республикасы, Ресей, Польша, Бельгия, т.б. шетелдік оқу орындары және жетекші ғылыми орталықтарымен байланыс орнатқан.

IUTH медиа және PR орталығы