Түркістанда өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Халықаралық туризм және меймандостық университетіне қонаққа келді.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Әлібек Шоқпаров министрді кадрлар даярлаудағы қызметімен, сондай-ақ университет инфрақұрылымын дамыту перспективаларымен таныстырды. Студенттер алған білімдерін іске асыру процесін көрсете отырып, практикалық дағдыларымен бөлісті.
Одан кейін, министр цифрлық трансформация дәуіріндегі дағдылар мен мүмкіндіктер туралы көшбасшылық дәріс өткізді. Кездесу барысында министр Халықаралық туризм және меймандостық университетінде екінші рет қонақта екенін атап өтті.
«Туризм және спорт – бұл үлкен мүмкіндік. Қытай тілін де үйренгеніңіз жақсы. Қытайда «қонақжайлылық» саласында өте мықты институт бар. Ол Бейжің және Сиян қалаларында орналасқан. Қазір келіссөздер жүріп жатыр, нәтижесінде мамыр айында Қытайға барамын. Біз осы екі салада да Халықаралық туризм және меймандостық университетімен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз» – деді, Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, дәл қазіргі заманға сай өмірлік дағдыларды дамыту бойынша кеңестерімен бөлісті.
«Өзіңіз жұмыс істейтін ортада сенімді әрі принципшіл адамның болуы өте маңызды екенін кейін түсінесіз. Әріптестер, есіңізде болсын бәрі біліммен немесе біліктілікпен өлшенбейді. Көбінесе, әсіресе бизнес иелері, принциптері бар адамдарға сенеді. Бұған қоса, шет тілін де меңгеріп, өз бетіңізше дамысаңыз баға жетпес адамға айналасыз. Таптырмас маман дәл сіз боласыз. Өз ұстанымдарыңызға адал болыңыз. Бұл бәрінен маңызды құндылық» – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.
IUTH Медиа және PR орталығы