IUTH Түркістан қаласының туристік әлеуетін ілгерілетуге белсенді атсалысады

Халықаралық туризм және меймандостық университеті Open Turkistan туристік ақпараттық орталығымен келіссөз жүргізді. 

Туристік ақпараттық орталық өкілдері мен жауапты мамандар арасындағы кездесуде, іскерлік пен серіктестік байланысты кеңейту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, туристер санын арттыру, туристік бағыттарды құру және тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер туралы сөз қозғалды. Алдағы уақытта, екі жақтың өзара ынтымақтастық негізінде ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өңір ерекшеліктері терең насихатталатын болады. 

Өз кезегінде, университет Басқарма төрағасы-ректоры м.а. Қарлығаш Аралбекова  «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы атқарып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, туризм бағытындағы жалғыз бейінді жоғарғы оқу орны Түркістан туризмін насихаттауға үлес қосатынын атап өтті.

«Туристік-өлкетану өте күрделі бірақ жарқын эмоциялар сыйлайтын жұмыстардың бірі. Осы бойынша, тек еліміздегі бекітілген бағыттар ғана емес, өзге елдерден де саяхатшыларды тартатын нақты жоспар қажет» – деді Қарлығаш Әмірқызы.

Одан бөлек, Қарлығаш Аралбекова жастарды тәрбиелеудің ең тиімді құралы – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту қажеттігін еске салды. Ал Серік Сандыбай «Open_turkistan_bot» телеграм-арнасының пайда болғанын, онда туристер үшін қажетті байланыс нөмерлер, арнайы деректер мен нысандар, көрікті жерлер мен тамақтану пункттері бойынша барлық ақпараттар қамтылған атап өтті.

IUTH Медиа және PR орталығы