Университет ректоры белсенді студенттермен кездесті

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Айдос Сәкенов белсенді студенттермен кездесті.

Одан бөлек, жиынға әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректор Жақсылық Әкімов пен әлеуметтік мәдени даму бөлімінің басшысы Динара Елгеқызы қатысты.

Айдос Мерекеұлы университет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі — ашықтық екенін атап өтті. Сондай-ақ, студенттермен әрдайым байланыста болатынын айтып, университетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі – студенттердің өзімен  бағаланатындығын сөз етті. Сондықтан алдағы уақытта да студенттермен жиі кездесіп, барлық сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін жеткізді.

«Негізінен барлық кедергілер мен қорқыныштар тек біздің миымызда. Сондықтан кез келген студентті қоғамдық талқылауға қатысуға шақырамын. Өйткені көпшілік алдында сөйлеу, идея айту және оны жүзеге асыруға көмектесу сіздерді өсіретіні анық. Ал сіздерге әрі қарай көмектесетін, қиялдарыңызға қанат бітіретін университет басшылығы. Осы тұрғыда әр ұтымды идеяны қолдауға дайынбыз» – деді, Айдос Сәкенов.

Еркін форматта ұйымдастырылған басқосуда студенттер тарапынан ұтымды ой-пікірлер мен көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында студенттік ұйымдардың жұмысын жетілдіру, университетте қызықты да әсерлі студенттік өмірді қалыптастыру сынды мәселелер талқыланды. Жиынды университет ректоры Айдос Сәкеновтың өзі қорытындылап, осындай басқосулардың тұрақты өткізіліп отыратынын және бұл барлық тарап үшін пайдалы болатынын жеткізді.

IUTH Баспасөз қызметі