«Welcome to IUTH»

Халықаралық туризм және меймандостық университеті Білім күнін атап өтті

Жаңа  оқу  жылының  басталуына  орай Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Welcome to IUTH» атты   мерекелік  іс-шара ұйымдастырылды.  

1 курс студенттеріне  арналған  мерекелік  кеш «Congress Hall» көпсалалы кешенінде  салтанатты  түрде аталып  өтті.  Аталмыш шараға   университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Айдос Сәкенов, академиялық және ғылыми істер жөніндегі вице-ректор Күлтай Әділ, қаржы және стратегиялық қызмет жөніндегі вице-ректор Қарлығаш Аралбекова және өзге де оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Биыл мыңға жуық мектеп түлектері білім ордамыздың студенті атанды. Бұл көрсеткіш туризм саласына деген сұраныс пен қызығушылықтың артқанының, талапкердің таңдауы Халықаралық туризм және меймандостық университетіне түскенін айқындайды.

Алғашқы сөз тізгінін Басқарма төрағасы-Ректор Айдос Сәкенов алып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

«Құрметті студенттер! Қадірлі ата-аналар мен Әріптестер! Профессор-оқытушылар ұжымы! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қашанда көңіл толқытатын ерекше сәт деп білем. Өйткені мектеп түлектері Университет қабырғасына келіп, жаңа өмірге аяқ басып жатыр. Үлкен сапарға жолға шықты… Бұл ұстаздар қауымы үшін де ерекше қуаныш. Күні кеше ғана қасиетті Түркістан жерінде ашылған Халықаралық Туризм және меймандостық университеті бүгінгі күні болашақтарына үмітті өздеріңіздей шәкірттерге толы.

Биыл, 2023 жылы, Қабылдау комиссиясының жұмысы бойынша 1000-ға жуық талапкер IUTH студенті атанды. Олардың басым бөлігі еліміздің әр түрлі аймақтарынан біздің Халықаралық Туризм және меймандостық университетіне қызығушылық танытып, іздеп келген жастар. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. IUTH білікті профессор-оқытушылар құрамымен толыққан. Мұнда Қазақстандағы туризм саласы бойынша PhD докторларының тең жартысы дәріс оқиды», – деді, университет ректоры.

Сондай-ақ, келесі оқу жылында болатын біршама өзгерістерге тоқталып, студентке беріліп жатқан мүмкіндіктермен бөлісті.

«Келесі оқу жылында 4 білім беру бағдарламасы бойынша магистратура бөлімі ашылады. Студенттеріміз Қазақстанның және алыс/жақын шет елдің барлық туризм салаларында жұмыс істейтін болады. Мысалы, биылғы жазда біздің студенттер «Rixos» қонақ үйлер желісінде іс-тәжірибеден өтіп келді. Жалпы, университет қаламыздағы  Hampton, Karavansaray сияқты алып кешендермен тығыз байланыста. Бүгінде университетіміз Түркия, Франция, Польша, Словакия, Таиланд және Малайзия оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге ие. Яғни, сіздер осы аталған мемлекеттерде арнайы тағлымдамадан өтіп, өндірістік тәжірибе жинай аласыздар. Халықаралық байланысты біз одан сайын күшейте бермекпіз. Сондықтан, жастар, Сіздер тек ықыласпен білсем, үйренсем деп талпынсаңыздар болғаны. Арман-мақсаттарыңызға жетулеріңіз үшін IUTH бар мүмкіндігі мен қолдауын жасайды! Бәріңізге жаңа оқу жылында зор жетістіктер, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық-саулық тілеймін» – деді, Айдос Сәкенов.

Алдағы  жылға  жаңа  серпін мен  күш-қуат  жинап келген ұстаздар қауымы бір-біріне деген ізгі  тілектерімен  жаңа оқу  жылына  жаңа  серпінмен  кіріспек.