«Тілдер» кафедрасының ұйымдастыруымен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ән тербетіп жүректі» атты кездесу кеші өтті. Онда белгілі композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құралай Сәтмұханбетова, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлі және ақын Санжар Ғұлама мен студенттер қатысты.
Кештің басты мақсаты – Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы мен ел арасында кеңінен танылып, халықтық туындыға айналған әндер және оның негізгі авторлары жайлы тың ақпараттарды насихаттау. Келелі жиын барысында, әндердің шығу тарихы мен таралу жолдары туралы сыр шерте отырып, жас ұрпаққа ұлттық құндылық дәріптелді. Сондай-ақ Темірбек Жүргеновтің білім, мәдениет, рухани мұра және елтану жолындағы еңбектері сараланып, мәдени дамуға қосқан орасан зор үлесі туралы айтылды.
Аталмыш, іс-шарада Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов жайлы баяндама оқылып, бейнеролик көрсетілді. Іс-шараға қатысқан арнайы қонақтар Темірбек Жүргеновтің қазақ әдебиеті мен мәдениеті, отандық білім берудегі еңбегі туралы кеңінен әңгімелеп, сыр шертті. Жиын барысында композитор Бекжігіт Сердәлінің, Құралай Сәтмұханбетованың әндері шырқалып, ақын Санжар Ғұламаның өлеңдері оқылды.