ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері университет жастарымен кездесіп, ашық пікір алмасты. Жиынды университет ректоры Айдос Сәкенов жүргізіп отырды. Ол мәртебелі меймандарға өңірде атқарылып жатқан жұмыстар, университет бастамалары туралы баяндап берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова аталған кеңестің құрамымен, жоспарымен таныстырды.
– Бүгін алдарыңызға Сенаторлар кеңесінің бір топ өкілі келіп отыр. Өздеріңізбен жүздесудегі мақсат – заң шығару саласындағы жаңалықтарды, Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы баяндау. Еркін пікір алмасу. Сенаторлар кеңесі – бейресми ұйым. Мемлекеттік саясатты жүргізуге жәрдемші болуды мақсат тұтады. Өңірді аралап көрдік. Түркістан – Астанадан кейінгі мемлекеттік деңгейде құрылысы жылдам жүргізілген шаһар. Дамыған, сәулетті қалаға айналыпты. Түркі әлемінің рухани орталығындағы өзгерістер көзге көрініп тұр. Түркілер төрінде еркін пікір алмасып, тәжірибелі сенаторларға сұрақ қойып, ұсыныс беруге мүмкіндіктеріңіз бар, – деді. Б.Әйтімова.
Университет студенттері де қоғамдағы ең өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдіретіндіктерін айтып, көкейде жүрген бірнеше сауалдарын жолдады.