Сібір Федералды университетімен ынтымақтастық орнады

Басқарма төрағасы-ректор Айдос Сәкенов Ресей Федерациясының Красноярск қаласындағы  «Gastro Forum 2022» халықаралық жиынына қатысты. Биыл форум туризм саласындағы 5 ауқымды бағытты қамтыған.  Олар: ғылым және технология, білім, кәсіпкерлік, мәдениет және туризм, өңірлік көшбасшылық: аймақ брендтері. Форумға ресейлік ғалымдар мен зерттеушілер, HoReCa индустриясының спикерлері, әлемге танымал аспаздар, рестораторлар, менеджерлер мен маркетологтар, сондай-ақ аумақтарды дамыту саласындағы сарапшылар, билік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сапар нәтижесінде, университет басшысы Сібір Федералды университетімен (СФУ) туризм және меймандостық саласындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.  Университет ректоры Айдос Сәкенов аталмыш келісімнің универсиет үшін таптырмас  мүмкіндік екенін айтады.

–           СФУ – мейрамхана бизнесі саласында білікті мамандар шығаратын, сондай-ақ Франциямен (Institut Paul Bocuse Gastronomique) серіктесі бар Ресей Федерациясындағы алғашқы Гастрономия институты ашқан жоғары оқу орны. Бұл Гастрономия институты Мишлен жұлдыздарын иеленген мейрамханалар үшін әлемдегі ең үздік аспаздарды дайындайды. Сондықтан бұл серіктестік – негізгі мақсатымызға жетуге үлкен сеп болады. Түлектер жұмыс іздемеуі керек. Керісінше, жұмыстың өзі дайын мамандарымызды шақыруы тиіс. Қазір осы ұстанымды іс жүзінде жүзеге асыруға барымды салудамын – дейді Айдос Сәкенов.

Өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыты:

  • академиялық алмасулар, соның ішінде студенттермен алмасу, оқыту, ғылыми зерттеулер және басқа да салалардағы жұмыс тәжірибесімен бөлісу;
  • бірлескен білім беру, ғылыми, мәдени іс-шаралар (конференциялар, семинарлар, коллоквиумдар, симпозиумдар және т.б.) ұйымдастыру;
  • үкімет, өнеркәсіп немесе бизнес, сондай-ақ халықаралық ұйымдар болсын, қаржылық қолдау алып, өтінімдерді дайындауға және ұсынуға қатысу.