Халықаралық туризм және меймандостық университет ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі “ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ” атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Жиынға университет ректоры Айдос Сәкенов, академиялық және ғылыми істер жөніндегі Вице-ректор Күлтай Адилова, қаржы және стратегиялық қызмет жөніндегі Вице-ректор Қарлығаш Аралбекова, аппарат басшысы Ержан Зиябеков, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Білім ордасының басшысы Айдос Сакенов Жолдаудағы жүйелі көзқарас пен еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындаудағы маңыздылығына мән берді.
«Расында да, Жолдаудың әр сөзі халыққа керекті мәселелерді қамтиды. Еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз, еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің алға қойған мақсаттары орындалсын деген тілек үстіндеміз», – деді университет ректоры Айдос Сәкенов.
Сондай-ақ білім мен ғылым саласына қатысты басты мәселелерге тоқтала келе, Жолдау жүктеген жаңа жауапкершілік пен міндеттердің орындалуына белсене атсалысуға шақырды. Жолдауда аталған оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу, сапалы кадр даярлау, цифрландыру, ғылымды дамытуға байланысты міндеттерді жүзеге асырумен қатар, университеттің халықаралық және республикалық рейтингтегі орнын нығайту қажеттігін жеткізді.