
2026 жылғы 3–15 шілде аралығында AP23488900 «Жасанды интеллектті қолдана отырып, әлеуметтік желілерде жастар арасында кибербуллингті автоматты түрде анықтау» ғылыми жобасы аясында жоба жетекшісі Абдрахманов Рустам Бахтиёрулы мен жоба орындаушысы Қасымбеков Аббазбек Сүгірұлы Ресей Федерациясының Горно-Алтай мемлекеттік университетінде өткен «Информация и образование: границы коммуникаций» (INFO’26) халықаралық ғылыми конференциясы мен «Академическое сообщество – 2026» халықаралық форумына қатысты.
Ғылыми іссапар аясында Горно-Алтай мемлекеттік университетінің математика, физика және информатика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының білім беру саласының Құрметті қызметкері Альбина Алексеевна Темербековамен және кафедраның доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Андрей Евгеньевич Осокинмен жұмыс кездесулері өткізілді. Кездесулер барысында білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, ғылыми-зерттеу қызметінде үлкен тілдік модельдерді (LLM) қолдану, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
INFO’26 конференциясы аясында «Датасеттер және кибербуллингті аннотациялау мәселелері» және «Кибербуллингті анықтау міндеттерінде үлкен тілдік модельдердің тиімділігін талдау» тақырыптарында ғылыми баяндамалар ұсынылды. Баяндамаларда жасанды интеллект технологияларын кибербуллингті анықтау мен оның алдын алуда қолдану, цифрлық білім беру ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру саласында генеративті жасанды интеллектті пайдалану мәселелері қарастырылды.
Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарына, шеберлік сабақтарына және «Жас ғалым мектебі» бағдарламасына қатысу білім беруді цифрлық трансформациялау, ғылыми зерттеу әдіснамасы, библиометриялық көрсеткіштер, академиялық адалдық және ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру бағытындағы заманауи тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қатысушылар Горно-Алтай мемлекеттік университетінің ғылыми мұражайын, факультеттері мен ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап, ғылыми және білім беру қызметін ұйымдастыру тәжірибесімен танысты.
Іссапар қорытындысы бойынша білім беру мен ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект технологияларын қолданудың халықаралық тәжірибесі зерделеніп, шетелдік ғалымдармен жаңа ғылыми байланыстар орнатылды. Сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, академиялық әріптестікті дамыту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту бағыттары айқындалды.