Татарстан Республикасы, Қазан қ. Қазақстанда ислам дінінің таралу тарихын зерттеу бойынша ғылыми зерттеу.

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғылыми қызметкері, «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми жобасының жауапты орындаушысы Лазат Динашева 2026 жылғы 14–26 шілде аралығында Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының Қазан қаласында ғылыми-зерттеу іссапарында болды.

Іссапар барысында Қазақстан аумағындағы ислам дінінің таралу тарихына қатысты архивтік, қолжазбалық және археологиялық деректер зерттелді. Зерттеу жұмыстары Татарстан Республикасының Мемлекеттік архивінде, Қазан федералды университетінің Н.И. Лобачевский атындағы Ғылыми кітапханасында және Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Г. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының қорларында жүргізілді.

Ғылыми сапар нәтижесінде XIX–XX ғасырдың басындағы мешіт-медреселердің қызметі, діни қайраткерлердің еңбектері, жадидтік-ағартушылық қозғалыс және Түркістан өңірінің ислам тарихына қатысты құнды құжаттар жинақталды.

Сонымен қатар «Ұлы Болғар» тарихи-архитектуралық музей-қорығында ортағасырлық ислам мәдениетінің археологиялық және эпиграфикалық мұралары зерттеліп, Қазақстанның ортағасырлық қалаларымен салыстырмалы талдау жүргізілді.

Жиналған материалдар ғылыми жобаның деректік базасын толықтырып, отандық және халықаралық ғылыми басылымдарға арналған мақалалар мен ұжымдық монография дайындауға негіз болады.