

2026 жылғы 21-26 мамыр аралығында AP26100839 «Туризм саласы мамандарының шет тілін оқытуда геймификацияны пайдалана отырып, иммерсивті білім беру ортасының педагогикалық дизайны» ғылыми жобасы аясында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ғылыми іссапар ұйымдастырылды.
Іссапар барысында Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Universiti Putra Malaysia университетінің Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық технологиялар факультеті арасында ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесулер аясында ғылыми жобаның негізгі бағыттары таныстырылып, білім беру үдерісінде цифрлық, иммерсивті және геймификация технологияларын қолдану тәжірибесі зерделенді. Сонымен қатар бірлескен ғылыми жарияланымдар, академиялық алмасу бағдарламалары, халықаралық жобалар мен конференцияларға қатысу перспективалары қарастырылды.
Іссапар қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми байланыстар нығайтылып, туризм саласы мамандарының шет тілін оқытуға арналған инновациялық білім беру ортасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.



