«Спорт саласында ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру жолдары» ғылыми семинар

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Дене шынықтыру және спорт мектебінде Ғылым апталығы аясында «Спорт саласында ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру жолдары» тақырыбында мазмұнды ғылыми семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – спорт саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, тәжірибе алмасу және жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру болды.

Семинарға шетелдік және отандық білікті мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Әзербайжан спорт академиясының оқытушысы, Әзербайжан дзюдо федерациясының белбеу, дан және ката емтихандары бойынша маманы, Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының түлегі, спорт ғылымдарының зерттеушісі Махир Талибов қатысып, спорттағы ғылыми жобаларды әзірлеудің заманауи тәсілдері мен халықаралық тәжірибелер туралы кеңінен баяндама жасады.

Сонымен қатар, Ордабасы ауданына қарасты Бейсенбай Кенжебаев атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-зерттеушісі Тастан Төлебай Нышанұлы білім беру ұйымдарында ғылыми жобаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарына тоқталып, мектеп деңгейіндегі зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Ермаханов Бағлан Өмірзақұлы жоғары оқу орындарындағы ғылыми ізденістердің маңызы мен болашағына жан-жақты талдау жасады.

Семинар барысында қатысушылар спорт ғылымындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылыми жобаларды дайындау, жүзеге асыру, сондай-ақ олардың нәтижелерін практикаға енгізу жолдары жөнінде пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесуде сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс білдіріп, мұндай ғылыми кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Семинарға қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар қалыптастыруға және кәсіби байланыстарды нығайтуға үлкен мүмкіндік болды.