Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай «Қасиетті Түркістан өңірінде саяхат журналистикасы мен арт-журналистикасын дамытудың маңызы» тақырыбында семинар өтті.
Университет Басқарма төрағасы-Ректоры Әлібек Жұмабекұлы Шоқпаров «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымына арнайы кәде сый табыстап, төл басылымның 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Oңтүстік Қазақстан» – Түркістан өңірінде және елімізде өзіндік тарихы бар, қалың оқырманын қалыптастырған аға басылым. Сондықтан төл басылымның 100 жылдығы – бір ұжымның ғана емес, облыс жұртшылығының ортақ мерекесі. Сондықтан да қарымды қаламгерлер мен білікті, тәжірибелі мамандардың еңбегі ескеруге тұрарлық дүние. Осы орайда, өңіріміздегі өркенді істерді ел арасында насихаттап, жағымды жаңалықтардың жаршысы бола білген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымына шынайы алғысымды білдіре отырып, мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймын» – деді, университет ректоры.
Іс –шара барысында, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан университет басшылығына алғыс айтып, қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің саяхат журналистикасында алар орны ерекше екенін және осы бағытты дамытуда университет түлектерін жауапты міндет күтіп тұрғанын жеткізді.
Әрі қарай филология ғылымдарының кандидаты, профессор, белгілі журналист, ғалым әрі ұстаз, Бекжігіт Сердәлі және «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист, медиаменеджер, тарихшы Тельман Бейсенов спикер ретінде сөз сөйлеп, саяхат және арт-журналистиканы дамытудың маңызы туралы айтты.
Аталмыш іс-шараға, жергілікті БАҚ өкілдері, университет қызметкерлері мен студенттері қатысты.
IUTH Медиа және PR орталығы