Халықаралық туризм және меймандостық университеті Kemer Holiday Club қонақ үйімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Іскерлік негізде жасалған құжатқа университет Басқарма төрағасы-Ректоры Әлібек Шоқпаров қол қойып, Kemer Holiday Club қонақ үй өкілдеріне алғысын айтты.
«Басқарма төрағасы-Ректор болып күні кеше тағайындалдым, сондықтан осы статуста ресми түрде алғашқы құжатқа қол қойғалы тұрмын. Өз басым үшін бұл маңызды сәт. Осы ынтымақтастық негізінде, 4-курс студенттерін келесі жылдан бастап екі семестр де практикадан өткізу жоспары бар. Ол үшін оқу процессіне қазірден бастап өзгеріс енгізіп жатырмыз. Алдағы уақытта меморандум негізінде біршама істер атқарылып, екі тарапқа да пайдалы нәтиже болады деген сенімдемін» – деді, Әлібек Жұмабекұлы.
Келісім-шарт негізінде көрсетілгендей, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері аталған түркиялық қонақ үйде жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады. Сондай-ақ, студенттерге туризм саласындағы нағыз кәсіби мамандар қонақ үй, мейрамханаларды басқару бағытында арнайы дағдыларды үйретіп, тәжірибе алмасатын болады.
ULUSOY KEMER HOLIDAY CLUB 1989 жылы ашылған Анталиядағы тұңғыш қонақ үйлердің бірі болып табылады. Ол Жерорта теңізінің жағасындағы керемет таулардың етегінде орналасқан, аумағы 42,799 м2 құрайды. Қонақ үй жылдың сәуір айынан қараша айына дейін жұмыс істейді. 2012 жылдан бері Бішкектегі «Манас» қырғыз-түрік университетімен және 2021 жылдан бастап Алматы облысының Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжімен серіктестікке ие.
IUTH Медиа және PR орталығы