Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ішкі аудит жүргізілді

«Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ-да 2026 жылдың 19-23 қазан аралығында бекітілген жоспарға сәйкес кезекті ішкі аудит үдерісі сәтті жүргізілді.

Аудиттің негізгі мақсаты — университеттің барлық құрылымдық бөлімдеріндегі Сапа менеджменті жүйесінің (СМЖ) ISO 21001:2018 «Білім беру ұйымдарына арналған менеджмент жүйесі» халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігін бағалау болып табылды.

Ішкі аудит барысында құрылымдық бөлімдердегі СМЖ жұмыс бабында болуы, тиісті ережелер мен лауазымдық нұсқаулықтарының актуализациялануы, дұрыс қолданылуы, іс-құжат номенклатурасының тиімді жүргізілуі, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сақталуы (ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 05 қаңтардағы №4 бұйрығына сәйкес) зерделенді.

Ішкі аудит жұмыстарын Сапа бойынша басшылық өкілі және Сапаны қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы ішкі аудиторлар тобы жүзеге асырды.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған бірқатар сәйкессіздіктерді жою мақсатында қазіргі уақытта құрылымдық бөлімдер тарапынан тиісті түзету жұмыстары мен алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл іс-шаралар анықталған кемшіліктерді дер кезінде ретке келтіріп, СМЖ талаптарын толық орындауға бағытталған.

Жүргізілген аудит нәтижелері мен атқарылып жатқан түзету жұмыстары университеттегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын үздіксіз жетілдіріп отыруға зор септігін тигізеді.