
BR28713129 «ҚАЗАҚСТАНҒА ИСЛАМ ДІНІНІҢ ЕНУІН ЖӘНЕ ТАРАЛУЫН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ ЗЕРТТЕУ» бағдарламалы-нысаналы жобасы аясында 2025 жылдың 17 қазанынан бастап жоба жетекшісі М. Қожа, жоба орындаушылары Ш. Алмазұлы және Ө. Жұмабай Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық ескерткіштерінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Зерттеу барысында Отырар қаласының рабадында қазба жұмыстары жүргізіліп, бірнеше бөлме аршылды. Соның бір бөлмесінде михрабтың орны анықталды. Михрабтың табылуы – бұл бөлменің мешіт немесе намаз оқуға арналған арнайы орын болғанын дәлелдейді. Михраб – ислам сәулетінің басты элементтерінің бірі, ол құбыла бағытын (Меккеге қарай бағытты) көрсетеді.
Бұл табылым Отырар қаласында исламның тек ресми емес, күнделікті тұрмыста да орныққанын көрсетеді. Михрабтың қаланың орталығынан емес, рабад аймағынан табылуы – ислам дінінің кең таралғанының, дін қызметкерлері мен сенушілердің тек орталықта емес, тұрғын аудандарда да белсенді болғанының айғағы.
№5 бөлмеден табылған михраб – Отырар қаласындағы ислам дінінің орнығу процесінің нақты археологиялық дәлелі. Бұл жаңалық ортағасырлық Отырар тұрғындарының діни өмірі мен рухани мәдениетін, сондай-ақ ислам өркениетінің аймақтағы ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.