Бүгін Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облыс жастарымен кездесті.
Нұрлан Мәжитұлы жастармен кездесуінде сайлау жүйесінің мәні мен мазмұнын түсіндіріп, әрбір істе жастардың үлесі мол болу керектігін сөз етті.
«Жастар – біздің келешек, қоғамның үлкен құрамдас бөлігі. Осыған байланысты біз үшін қазіргі таңда жастардың сайлау процесі мәселелерінің кең спектрі төңірегінде пікірлері мен ұсыныстары өте маңызды», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Жиын барысында Орталық сайлау комиссиясының құрылымы таныстырылды. Қатысушыларға сауалнама ұсынылып, Президент сайлауы, мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сұрақтарға жауап берілді. Әр сұраққа ой-пікірлер ашық талқыланып, еркін форматта пікір алмасты.
Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі вице-ректор Аралбекова Қарлығаш Әмірқызы оқу орнының қазіргі таңда қандай мақсаттар алға қойғандығы жайлы, білім және ғылым аясында, туризм саласы бойынша студенттерге арналған жаңа бағдарламалар жөнінде түсіндіріп, қонаққа университет ішінде экскурсия өткізілді.
Нұрлан Мәжитұлы туризм саласындағы жетекші университетке алғысын білдіре отырып, үш аталымда алты кітап сыйлап, ерекше тарту жасады.
IUTH Медиа және PR орталығы