Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев университеттің оқытушы құрамымен және Түркістан қаласының белсенді жастарымен кездесті.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің негізгі қызметі – елдің экономикалық дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтау, тергеу және олардың алдын алу болып табылады.
Департамент басшысы экономикалық қылмыстарды тергеу ерекшеліктері тақырыбында қызықты баяндамалар жасап, қала жастарын қаржылық пирамидалар, заңсыз құмар ойын бизнестері және қоғам дертіне айналған синтетикалық есірткі тұтынудан аулақ болуға шақырды. Белсенді студенттер де департамент басшысынан өздерінің көкейкесті сұрақтарына жауап алып, еркін форматтағы кездесуге өз алғыстарын білдірді.
«Қоғамды қылмыстан тазарту үшін ең алдымен адамдар құқықтық жағынан сауатты болуы керек. Яғни – адамдар заңды білгенде ғана, өзіне өзі сенімді болғанда ғана, еңбексіз пайда болмайтынын түсінгенде ғана өмірден өз орнын табады, қылмысқа жақын болмайды. Кез келген жас ел болашағына айналуы үшін синтетикалық есірткі, онлайн құмар ойындар, жеңіл табыс табуға үгіттейтін қаржылық пирамида сынды қоғам дертіне айналған зиянды әрекеттерден аулақ болғандары абзал деп санаймын. Өкінішке қарай, қоғам дертіне айналған мәселелер ел болашағы жас буынымызды да айналып өтпеді. Мәселенің салдарымен ғана күресудің тиімділігінің төмен екені белгілі, сондықтан себебін анықтап, алдын алу шаралары, яғни профилактика жұмыстарын жүргізу мақсатында қаламыздың белсенді жастарын жинадық», – дейді департамент басшысы Ерболат Балғабаев.
IUTH баспасөз қызметі