Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтті

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің спорттық сауықтыру кешенінде Мәдениет және спорт министірлігімен бірлесіп, ұлттық спортымыз тоғызқұмалақтан ересектер арасында рапид және блиц түрлерінен ҚР чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа Қазақстанымыздың 12 облысы мен 3 қаласынан 110 спортшы қатысты. 

Ауқымды бұл жарыста Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы жеңімпаздар Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болатындығын, сонымен қатар І және ІІ орын алған спортшылар Баян-Өлгей қаласында (Моңғолия) өтетін Азия чемпионатына жолдама алса, ІІІ орын алған спортшылар Константа қаласында (Румыния) өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғайтынын атап өтті.

«Мыңдаған жылдық тарихы бар, қазіргі уақытта әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың ішінде ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі – тоғызқұмалақ та халықаралық деңгейдегі спортқа айналып келеді. Бұл қиын әрі қызықты спорт. Бірақ барлық жеңіс табанды еңбектің арқасында келеді», – деп жарысқа тілектестігін білдірді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректор Сакенов Айдос Мерекеұлы.

Жарысқа келген құрметті қонақтардың қатарында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жаттықтырушысы – Абдукаримов Дәулет Ұзақбайұлы, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы – Жолдықараев Қанат Жарылқапұлы, Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті – Шотаев Мақсат Есенбекұлы, ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы  –  Жақапбаева Айнұр Әбдсадыққызы болды. 

 IUTH Баспасөз қызметі