Халықаралық туризм және меймандостық университетінде мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі мен ҚР әнұраны орындалды.
Одан бөлек, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-өнер клубының 7-мамыр Отан қорғаушылар және 9-мамыр жеңіс күніне орай ұйымдастырылған “Ұранды елдің – ұрпағы қайсар” атты әскери-патриоттық сайысы өтті. Оған Түркістан қаласындағы Жоғары оқу орындар, сонымен қатар, арнайы орта оқу орындарының білім алушылары қатысты.
Аталған сайыста Халықаралық туризм және меймандостық университетінің “Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық” білім беру бағдарламасы үздік деп танылып 1-орынды иеленді. Ал Түркістан кәсіби колледжі 2-орын, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 3-орынға ие болды.
Осындай жастарға рух беретін, отансүйгіштік қасиетті дарытуға бағыттайтын патриоттық сайыстарды ұйымдастырып, жүйелі түрде өткізуге ат салысып жүрген, жалынды жастардың жетекшісі, IUTH университетінің аға оқытушысы, капитан Ахметов Бақытжан Раушанбекұлына үлкен алғысымызды білдіреміз. Болашақта “елге еге, ұлтқа қорған” болатын, ел қорғау ісінде алдыңғы шепте жүретін батыл да, ержүрек жастарды тәрбиелеуде әскери-патриоттық клубтардың, әскери-патриоттық сайыстардың алатын орны ерекше екендігі баршаға аян. Университетте құрылған Б.Момышұлы атындағы әскери-өнер клубының жетекшісі Бақытжан Раушанбекұлы мен клуб мүшелеріне толағай табыс тілейміз! Даңқты қолбасшы, КСРО батыры Бауыржан Момышұлы атамыздай ержүрек, батыр жастарымыз көп болғай!
IUTH Баспасөз қызметі