2023 жылдың 18 сәуірінде Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Тілдер», «Туризм» және «Қонақжайлылық» кафедраларының бастамасымен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының “Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты” ҚММ-де білім алатын оқушыларға тосынсый жасалды.
Университет оқытушылары екі апта бойы ерекше балалардың қажетіне орай сыйлықтар іздеді. Таңдағанда басты назар – алынған заттардың балалар үшін пайдасына аударылды. Себебі балалардың қол моторикасын дамытуға, ойлау қабілетін нығайтуға бағытталған бұйымдар болғаны аса маңызды. Бұған қоса, балақайдың жас ерекшелігіне де көңіл бөлінді. Сондықтан университетіміздің оқытушылары сыйлықтардың барлығын мектеп логопедтерімен ақылдаса отырып алды.
«Біз балалар үшін сыйлықты қуана-қуана таңдадық. Баланың ерекше бір тосынсыйды күтіп жүретіні бар емес пе. Сол себепті балалар үшін шынайы зейіні мен ықластарын арнап жүрген әріптестерімді мақтан тұтамын. Мектеп-интернатының бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлай алдық. Өзіміз де қуанып қалдық. Мұсылман үшін ең керемет Рамазан айында осындай сауапты істер жасаған әрбір жанға Алла разы болсын», – деді «Тілдер» кафедрасының меңгерушісі Дәулет Әзілханұлы.
IUTH Баспасөз қызметі