Кәсіби мамандармен басқосу

«Креативті индустрияны дамыту» атты кәсіби мамандармен кездесу өтті. Басқосуға Ирина Харитонова, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ креативті туризм департаментінің директоры және Әсел Серікпаева, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ креативті жобалар жетекшісі келіп қонақ болды. Арнайы дайындалған видеоларға сүйене отырып, мамандар қазіргі даму сатысы, атқарылып жатқан жұмыстар және олардың мақсаты туралы айтып берді. Сондай-ақ, жиында шығармашылық индустриялар арқылы коммерциялық серіктестікті қалай тартуға болатыны және өнімдегі креативтілік жайлы түсіндірді.

  • «Қазіргі таңда еліміздің экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі ретінде креативті экономиканың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр Үкімет креативті индустрияларды дамыту Тұжырымдамасын қабылдады және қазіргі уақытта Тұжырымдама жоспарлы түрде іске асырылып жатыр. Жақында арада, креативті индустриялар бойынша құзырет біздің министрлікке бекітіледі. Мәдениет және спорт министрлігі атынан , «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы осы саланы дамытумен айналысады деп шешілді. Сондықтан идеяларды тыңдау, жобалармен танысу және саланы дамытуға күш салу біз үшін маңызды. Біз қазіргі кезде таланттар мен креативті ұжымдарды қолдау саясатын пысықтап жатырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанда креативті индустрияны қолдау корпоративтік қоры құрылады деп жоспарлап отырмыз. Оның көмегімен жас таланттар қолдау тауып, шығармашылықты дамытатын болады», – дейді Әсел Серікпаева.

Кәсіби мамандармен басқосу соңы студенттердің еркін форматтағы сұрақ-жауап айдарымен жалғасын тапты. Алдағы уақытта университет басшылығы мұндай келелі жиындарды жиі ұйымдастыруды қолға алатындарын жеткізді.

IUTH Баспасөз қызметі