Қазыналы қарттар зейнет жасында да жаңашылдыққа жаны құмартып, тың білімге құштар болып жүр. Мәселен, алды алпысты алқымдап, кейінгісі жетпіс пен сексеннің ауылына да жетіп үлгерген зейнеткерлер компьютерлік сауаттылықты арттыруда.
2022 жылдың 23- маусымында “Халықаралық Туризм және меймандостық университеті” жанындағы «Құзыреттілік және мансап орталығы және Түркістан қаласының “Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы” қызметкерлерімен бірлесіп арнайы семинар ұйымдастырды. Университеттің цифрландыру және ішкі әкімшілендіру бөлімінің мамандары зейнеткерлерді компьютерлік техниканы пайдалану негіздеріне үйретті. Зейнеткерлерге арналған бұл бағдарлама тегін жүргізіледі. Бағдарлама толығымен зейнеткерлердің жасына бейімделген және компьютерлік әліпби негіздерінен басталады.
Өткізілген семинар нәтижесінде қазыналы қраиялар дербес компьютердің құрылғысымен және тағайындалуымен танысты, тінтуір мен пернетақтаны пайдалануды, компьютерді өшіріп, қайта іске қосуды, оған түрлі құрылғыларды қосуды, файлдар мен папкаларды жасауды үйренді. Сондай-ақ интернеттен ақпаратты іздеу ережелерін, электрондық поштаны құруды және пайдалануды меңгерді.
Компьютерлік сауаттылықты игеру бойынша оқыту семинары “Күміс университеттер – өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру (үздіксіз білім беру)” моделін дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды, Түркістан қаласының 10 зейнеткері курстан өтті.