Халықаралық туризм және меймандостық университеті Түркістанда өткен Ұлыстың ұлы күніне арналған «Армысың, әз Наурыз!» салтанатты іс-шарасына белсенді қатысты. Университет ұжымы киіз үй тігіп, түркістандық қонақтарға арнайы дастарханнан дәм татқызды.
Сондай-ақ Наурыз мейрамы аясында халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, еліміздегі жүзеге асырылып жатқан жаңа реформаларды ілгерілету мақсатында Түркістанға 18 шетелдік БАҚ өкілдері келді. Арнайы келген делегацияны Халықаралық туризм және меймандостық университеті қарсы алып, киіз үйде қонақ етті. Салтанатты жиында, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, университет ректоры Әлібек Шоқпаров тағы да басқа зиялы қауым өкілдері болды.
Дүбірлі Наурыз мейрамы қарсаңында Франция, Швеция, Австрия, Германия, Марокко, Испания, Польша, Сербия, Сингапур, Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай Халық Республикасы, Корея Республикасы жалпы 15 елден 18 БАҚ өкілі рухани шаһарға табан тіреді. Оның ішінде 12-і журналистер болса, 6-ауы блогерлер.
Айта кетейік, шетелден келген БАҚ өкілдері облыстың киелі жерлері мен тарихи орындарды аралайтын болады. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері, «Керуен сарай» кешенінде болып, қазақтың терең тарихымен танысады.
IUTH Медиа және PR орталығы