Халықаралық туризм және меймандостық университетінің академиялық және ғылыми істер жөніндегі вице-ректоры Күлтай Ағытайқызы Өзбекстан Республикасындағы серіктес жоғары оқу орны Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде (ҚМУ) іс сапарға барды. Ондағы мақсат Халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Күлтай Ағытайқызы ағымдағы жылдың 14 наурызынан бастап Бердақ атындағы ҚМУ Заң факультетіндегі Құқықтану мамандығының студенттеріне «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен және Экономика факультетінің «Туризм» мамандығының магистранттарына «Туризмдегі электрондық бизнес» пәнінен дәріс оқуда. Дәріс барысында Күлтай Ағытайқызы болашақ заңгерлерге Қазақстан мен Өзбекстан республикаларының құқық жүйесіндегі, заңнамалық акілеріндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктер, құқық бұзушылық пен заңды жауаптылық, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тақырыптарында, ал туризм мамандығы магистранттарына бауырлас екі елдегі туризм индустриясы саласындағы жаңашылдықтар, туризмдегі электрондық бизнес пен технологияның әсері, т.б. тақырыпта дәріс оқып білім алушылардың сұрақтарына жауап берді. Іс сапар аясында К.Адилова Бердақ университетінің оқу істері жөніндегі проректоры Олимжан Дүйсенбаевпен кездесіп, оқу-әдістемелік бағытындағы ынтымақтастық жайлы келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар Заң, Экономика факультеттерінің профессор оқытушылары мен докторанттары арнап оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізіп, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ ғылыми жобаларды жүргізу арқылы халықаралық ынтымақтасты күшейту туралы баяндады.
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті 1976 жылы Нөкіс қаласындағы Қарақалпақ педагогикалық институты негізінде құрылған. Университетте 17 факультет, 52 кафедра, 35 оқу және ғылыми зертханалар, 10 диссертациялық кеңес бар. Қазіргі таңда 73 бакалавр бағдарламасы, 52 магистрлық бағдарлама және 28 PhD докторлық бағдарламасы білім беруді жүзеге асыруда. Оқыту нысаны күндізгі, кешкі, сыртқы және қашықтықтан білім беру форматында. Университеттегі жалпы білім алушылар контингенті 30 000, ал профессор-оқытушылар саны 1000 астам.