Халықаралық туризм және меймандостық университеті Түркістан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, «Гид-экскурсовод» біліктілік арттыру курстарын өткізді.
Біліктілік арттыру курстарына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің экскурсоводтары, туристтерге қызмет көрсету орталығының мамандары, туристік фирмалардың өкілдері қатысты.
Түркістан туризмдік бағытын дамыту және ілгерлету мақсатында ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курсы екі жақты меморандум аясында жүзеге асуда. Онда Халықаралық туризм және меймандостық университетінің білікті профессор-оқытушы құрамы арнайы бағыт бойынша дәріс оқып, практикалық дағдыларымен бөлісті. Нәтижесінде, 40 адам «Гид-экскурсоводты дайындаудың негіздері» тақырыбы бойынша 72 сағат біліктілікті арттыру курсын аяқтап, арнайы сертификат иеленді.
Алдағы уақытта университет оқытушылары әртүрлі сала мамандарын кәсіптік бағдарда оқытып, тәжірибе алмасуға көмектесетін болады. Осылайша, Халықаралық туризм және меймандостық университеті өңір туризмін дамыту, сапалы қызмет көрсету бағытына өз үлесін қосады.
IUTH Медиа және PR орталығы