29.09.2026 ж. «Archaeological Approaches to Urbanism and Urban Sustainability in Medieval Central Asia» халықаралық ғылыми конференциясы. Ұлыбритания, Кембридж университеті.

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғалымдары BR28713129 «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми жобасы аясында Ұлыбританияға ғылыми іссапармен барды.

Іссапардың мақсаты — Кембридж университетінің кітапханалары мен Британ музейі кітапханасының қорларындағы Қазақстан және Орталық Азиядағы ислам тарихына қатысты жазба деректерді, қолжазбалар мен архивтік материалдарды зерделеу, сондай-ақ халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту.

2026 жылғы 29 қыркүйекте университет ғалымдары Кембридж университетінің King’s College базасында өткен «Archaeological Approaches to Urbanism and Urban Sustainability in Medieval Central Asia» халықаралық ғылыми конференциясына қатысты. Жиында ортағасырлық қалалық мәдениет, ислам дінінің таралуы және археологиялық ескерткіштерді пәнаралық зерттеу мәселелері талқыланды.

Бағдарлама жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Б. Қожа Отырардың рабад аумағындағы тұрғын жайлардан табылған михрабтар туралы баяндама жасады. Ол 2025 жылғы археологиялық зерттеулер нәтижелерін таныстырып, жаңа деректердің Оңтүстік Қазақстанда ислам дінінің таралуының бастапқы кезеңдерін зерделеудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар ғалым «Абылай ханның қабірінің зерттелуі» тақырыбындағы көпжылдық зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Ә. Әлімбекұлы Отырар және Құйрықтөбе (Кедер) қалаларынан анықталған жерлеу орындарының архитектуралық ерекшеліктері мен жерлеу дәстүрлері туралы баяндады. Б.С. Сиздиков Күлтөбе қалашығындағы пәнаралық зерттеулер негізінде Келес аңғарындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуын қарастырды. Ш. Алмазұлы Күлтөбедегі археологиялық зерттеулердің негізгі нәтижелерін және ескерткіштің ортағасырлық урбанизация үдерістерін зерттеудегі маңызын таныстырды.

Іссапар барысында университет ғалымдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Әсетұлы Бақаевпен кездесті. Кездесуде ғылыми байланыстарды нығайту, археология мен тарих салаларындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыру және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ King’s College және McDonald Institute for Archaeological Research ғалымдарымен ғылыми кездесулер өтті. Тараптар археологиялық зерттеулердің заманауи әдістері, жазба және археологиялық деректерді кешенді талдау, зерттеу нәтижелерін халықаралық басылымдарда жариялау бойынша тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми жобалардың перспективаларын қарастырды.