Отырар қалашығында археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы нәтижелері

2026 жылғы 1–30 маусым аралығында ортағасырлық Отырар қалашығында кезекті археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары барысында Қарахан әулеті дәуіріне жататын, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған сәулет нысаны негізгі зерттеу нысаны ретінде таңдалып, оған жету үшін жоғарғы мәдени қабаттар кезең-кезеңімен аршылды.

Қазба нәтижесінде аршылған мәдени қабаттардың Қазақ хандығы кезеңіне тиесілі екені анықталды. Табылған археологиялық жәдігерлер сол кезеңдегі Отырар тұрғындарының ислам дінін кеңінен ұстанғанын дәлелдейді. Атап айтқанда, терракоталық сәулет бөлшектеріндегі араб жазуларының іздері, араб жазулы теңгелер, тандырлар, ташнау жүйелері мен бадраптар анықталды.

Зерттеу барысында тұрғын үйлердің құрылымына жүргізілген талдау ортағасырлық қалада санитарлық-гигиеналық мәдениеттің жоғары деңгейде дамығанын көрсетті. Сонымен қатар ислам өркениетінің қала құрылысы мен тұрмыстық мәдениетке тигізген ықпалы айқын байқалды.

Қазба жұмыстары кезінде Қытай өрнектері бейнеленген керамика сынықтары мен қытай теңгесінің табылуы Отырардың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда орталығы болғанын және халықаралық экономикалық байланыстарының кең дамығанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Маусым айындағы далалық зерттеулердің қорытындысы бойынша ортағасырлық Отырар қаласының тұрғын үй архитектурасы, тұрмыстық мәдениеті, діни өмірі және халықаралық сауда қатынастары жөнінде ғылыми маңызы зор жаңа деректер алынды. Археологиялық зерттеу жұмыстары алдағы айларда да жалғасып, Отырардың тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталмақ.