XIII Халықаралық «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және ұлттық AI-SANA бағдарламасы» атты конференциясы. Тараз қ.

2026 жылдың 22–25 сәуірі аралығында Тараз қаласында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті базасында XIII халықаралық «Академиялық кітапханаларды дамытудың заманауи үрдістері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған іс-шараны Қазақстан Республикасы Университет кітапханалары қауымдастығы ұйымдастырды.

Конференцияның 2026 жылғы тақырыбы «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және ұлттық AISANA бағдарламасы» аясында өтті. Іс-шара академиялық кітапханалардың трансформациясы, цифрландыру үдерістері, интеллектуалды қызметтерді енгізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибелер мен ұлттық бастамаларды талқылауға арналған маңызды кәсіби алаң болды.

Аталған конференция жұмысына Халықаралық туризм және меймандостық университеті атынан аға кітапханашы Мөлдір Алдашукурова қатысып, кәсіби тәжірибе алмасуға белсенді үлес қосты. Ол конференция барысында жасанды интеллектті кітапхана қызметіне енгізу, ақпараттық ресурстарды тиімді басқару және пайдаланушыларға заманауи қызмет көрсету бағыттарындағы өзекті мәселелермен танысты.

Сонымен қатар, іс-шара аясында кітапхана ісін дамытудағы жаңа модельдер, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері және ұлттық AISANA бағдарламасы шеңберінде кітапханалардың рөлі жан-жақты қарастырылды.

Айта кету керек, конференция Ұлттық кітап күні мен Кітапханашы күні аясында ұйымдастырылып, ASPARA-FASHION апталығы және Халықаралық қолөнер фестивалі сияқты мәдени іс-шаралармен қатар өтті. Бұл өз кезегінде қатысушыларға кәсіби тәжірибемен қатар ұлттық мәдениет пен дәстүрдің үйлесімін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Аталған конференцияға қатысу университет кітапханасының қызметін жетілдіруге, халықаралық тәжірибені енгізуге және білім беру үдерісін ақпараттық қамтамасыз етудің сапасын арттыруға жаңа серпін береді.