ТҮРКИЯНЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ АБДУЛЛА ГҮЛ IUTН-КЕ КЕЛДІ

Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Халықаралық туризм және меймандостық университетіне келді. Бауырлас елдің көрнекті саясаткері білім ордамыздың студенттерімен жолығып, ізгі тілек білдірді. Айтулы шараға университет ректоры Айдос Сәкенов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және БАҚ өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, университет ректоры Айдос Сәкенов Қазақстан мен Түркия арасындағы ұзақ мерзімді әрі жемісті ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, өз ризашылығын білдірді.

«Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекеттер. Екі ел арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздік алғанға дейін-ақ басталған. Қазақстанның егемендік алуымен бірінші болып түрік бауырларымыз құттықтап, достық ниеттерін білдірді. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан Түркия Республикасының 11-ші президенті Абдулла Гүлдің университетімізге келуі біз үшін үлкен мәртебе», – деді ректор.

Елімізге іс сапармен келген Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл барлық жиналған қауымға алғысын білдіріп, екі елдің ынтымақтастығы арта беретінін атап өтті. Сондай-ақ, ол туризм бағытында жылына 40 млн турист күтіп, шығарып салып жатқан Түркияның тәжірибесімен бөлісті. Биыл университеттің 100 студенті Түркиядан тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Алдағы уақытта тәжірибе алмасу жұмыстарын одан әрі көбейту жолдарын атады.