«Ұлы Жібек жолы-ұлы мұра» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

Түркістанда үлкен форматтағы алғашқы халықаралық туристік форум өтті. Туристік салада жұмыс істейтін бизнес-құрылымдардың өкілдері мен мамандар ежелгі қалада Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және Жібек жолы бойындағы туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылау үшін бас қосты. Форумда ҚР Мәдениет және спорт министрі сөз сөйледі.

Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының саяси және рухани өмірінің жүрегі болған еді. Бүгінде ежелгі қаланың қарқынды өсу кезеңін бүкіл әлем бақылап отыр.

Ал бұл ретте туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соңғы жылдары қалада мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Мысалы, «Керуен-Сарай» көпфункционалды кешенінің өзінде тұрақты түрде төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің алғы сөзінде: “Туризмнің өңір экономикасына қосқан үлесі артып келеді. Осы ретте Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті кәсіби оқытылған кадрлармен қамтамасыз ететіні қуантады”, – деп атап өтті.

Министр Түркістан облысының әкімдігі мен Өмірзақ Шөкеевке, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов бастаған өзбек делегациясына, ЮНВТО және ЮНЕСКО ірі халықаралық ұйымдардың мамандарына, сондай-ақ форумның басқа да қатысушыларына алғысын білдіріп, еліміздің басты ұлттық мерекесі -Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отырған аталмыш іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Егемендік жылдары ел Үкіметі тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеу, сақтау және дәріптеу жолында ауқымды жұмыс жүргізгені белгілі. Туризм саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды және нормативтік-құқықтық база жетілдірілді.

«Жақында ғана заңнамалық өзгерістер қабылданып, туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Бұл шаралар 2019 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаны толықтырады. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласы да кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделді», – деп атап өтті форумның модераторы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.

Форум аясында қатысушылар өңіраралық және халықаралық кооперацияның жаңа нысандарын дамыту, әсіресе трансшекаралық бағыттарды құру мәселелерін талқылады. Ал кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық және өзбек туроператорлары арасында Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Сондай-ақ, біздің университет базасында форумның екінші бөлімінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда әртүрлі тақырыптар қозғалды. Туристік салада кадрлар даярлау бойынша білім беру саласындағы жаңа білім беру трендтері туралы мәселелер; Түркістан қаласында археологиялық туризмді дамыту, агротуризмді дамыту, сондай-ақ ауыл халқын оқыту арқылы агротуристік қызметке тарту мәселелері және басқа да көптеген мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, форум аясында «Қос диплом» бағдарламасы бойынша біздің университет пен Өзбекстандағы «Жібек жолы» халықаралық туризм университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Осы мәселелердің барлығы Қазақстандағы басты драйверге айналатын туристік кластерді құруда өз жалғасын табады, ал конференция нәтижелері барлық қатысушыларға пайдалы болды, ұсынылған ұсыныстар одан әрі тәжірибе барысында қолданыс табады.

  • СБОРНИК МАТЕРИАЛОВ