Университеттің ғылыми жобасы Түркияда өткен халықаралық конгресте таныстырылды

2026 жылғы 25 қазан мен 1 қараша аралығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің AP22787128 ғылыми жобасының жетекшісі Гүлнара Абдумажитовна Ризаходжаева Түркияның Стамбул және Мармарис қалаларында ғылыми іссапарда болды. Жоба шет тілін оқытуда геймификация мен арт-терапияны қолдану арқылы туризм мамандарының лингвокоммуникативтік креативтілігін дамытуға бағытталған.

Стамбулдағы Топкапы университетінде (İstanbul Topkapı University) шетелдік әріптестермен ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасу өтті. Кездесулерде болашақ туризм мамандарының шет тілінде кәсіби қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту үшін ойын тапсырмаларын, шығармашылық жаттығуларды және арт-терапия элементтерін қолдану жолдары талқыланды. Атап айтқанда, туристерге қызмет көрсету жағдайларын рөлдік ойын арқылы пысықтау және туристік маршруттарды шет тілінде таныстыру сияқты тапсырмалар қарастырылды.

Мармаристе өткен Жастарды зерттеу жөніндегі VII халықаралық конгресте Гүлнара Ризаходжаева үш баяндама ұсынды. Баяндамалар тіл үйренудегі геймификацияның жастардың туризм саласындағы өзара әрекетіне ықпалына, ойын мен шығармашылық тапсырмалардың жастарға әсеріне және тіл үйренудегі иммерсивті технологиялардың рөліне арналды. Сондай-ақ ол жасанды интеллект, әлеуметтік желілер және жастардың цифрлық ортадағы өмір салты туралы халықаралық панельдік пікірталасқа қатысып, Қазақстандағы тәжірибемен бөлісті.

Іссапар барысында жинақталған материалдар жоба аясында болашақ туризм мамандарына арналған рөлдік сценарийлерді, ойын тапсырмалары мен шығармашылық жаттығуларды жетілдіруге, сондай-ақ ғылыми жарияланымдар мен әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге негіз болады.