Өзбекстанның архивтері мен ғылыми орталықтарында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді

2026 жылғы 6-13 маусым аралығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғалымдары AP26105447 «Түркістан облысының тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіштері мәдени-тарихи туризмді дамыту контекстінде және олардың цифрландырылуы» және «Түркістан өңірінің урбанистік мәдениеті әлеуметтік-мәдени эволюция мен трансформация контексінде (XVIII – XXI ғасырдың басы): дәстүрлі қаладан қазіргі заманға дейін» ғылыми жобалары аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент, Үргеніш және Хива қалаларында халықаралық ғылыми-зерттеу іссапарын жүзеге асырды.

Іссапар барысында Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы, «Ичан-Қала» мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығы, Хорезм Маъмун академиясы, Өзбекстан Республикасының Ұлттық архиві, әл-Беруни атындағы Шығыстану институты және өзге де ғылыми мекемелерде кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Зерттеу аясында Түркістан өңірінің тарихи-мәдени, археологиялық және урбанистік дамуына қатысты архивтік құжаттар, сирек қолжазбалар, ғылыми еңбектер мен статистикалық материалдар жинақталып, жүйеленді. Сонымен қатар Түркістан, Ташкент және Хорезм өңірлерінің дәстүрлі қала мәдениеті, сәулеттік мұрасы, махалла жүйесі, әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері мен тарихи байланыстары салыстырмалы түрде зерделенді.

Іссапар нәтижесінде ғылыми айналымға енгізілетін жаңа дереккөздер анықталып, тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, мәдени-тарихи туризмді дамыту және Түркістан өңірінің урбанистік эволюциясын зерттеу бағыттары бойынша маңызды ғылыми қор қалыптастырылды.

Жинақталған материалдар ғылыми мақалалар, ұжымдық монографиялар әзірлеуге, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі болашақ ғылыми зерттеулерді дамытуға негіз болады.