
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің өкілі Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корея туризм ұйымы ұйымдастырған 2026 KOPIST High-Level Tourism Policy Forum and Working-Level Training халықаралық бағдарламасына қатысты.
KOPIST бағдарламасы Корея Республикасының тұрақты туризм және халықаралық ынтымақтастық саласындағы негізгі бастамаларының бірі болып табылады. Бағдарлама серіктес елдер арасында тәжірибе алмасуға, туризм саласы мамандарының кәсіби құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ өңірлік және тұрақты туризм саласында практикалық жобалық ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Бағдарлама аясында қатысушылар Седжон қаласында өткен High-Level Tourism Policy Forum жұмысына қатысты. Форумның тақырыбы “Strategic Destination Marketing for Regional Tourism Development” болды. Форум барысында туристік дестинацияларды стратегиялық маркетинг арқылы дамыту, өңірлік туризмді ілгерілету, туристік деректерді пайдалану, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні туристік маркетингте қолдану мәселелері қарастырылды.
Халықаралық және кореялық өңірлік туризмді дамыту тәжірибесіне, аумақтардың туристік брендін қалыптастыруға, жергілікті қауымдастықтарды тартуға және туристік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Панельдік пікірталастар барысында әртүрлі елдердің қатысушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, туризм саласындағы алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
2026 жылғы 22 мамыр мен 8 маусым аралығында KOPIST жұмыс деңгейіндегі оқыту бағдарламасы өтті. Бағдарлама дәрістерді, практикалық семинарларды, профессорлармен және сарапшылармен консультацияларды, сондай-ақ көшпелі field trip бағдарламаларын қамтыды. Оқыту барысында стратегиялық туристік маркетинг, тұрақты туризм, community-based tourism, цифрлық трансформация, tourism ODA, туристік өнімдерді дамыту және Action Plan дайындау бағыттары қарастырылды.
Бағдарлама барысында практикалық жобалық бастамаларды әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері Катонқарағай ауданында community-based tourism және тұрақты ауылдық туризмді дамытуға бағытталған жобаны дайындап, ұсынды.
Бағдарлама қорытындысы бойынша аталған жоба KOPIST қатысушы елдерінің жобалары арасында өткен халықаралық Action Plan Contest байқауында сәтті қорғалды. Конкурстық қорғау нәтижесінде жоба жүлделі орынға ие болды. Бұл оның өзектілігін, практикалық маңыздылығын және Қазақстандағы өңірлік туризмді дамыту әлеуетін айқындайтын маңызды жетістік болды.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің KOPIST 2026 бағдарламасына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық және кәсіби байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ тұрақты туризмді дамыту саласындағы озық халықаралық тәжірибені енгізуге ықпал етеді.