
AP23488900 «Жасанды интеллектті қолдана отырып, әлеуметтік желілерде жастар арасында кибербуллингті автоматты түрде анықтау» атты гранттық жоба аясында күнтізбелік жоспарға сәйкес жоба жетекшісі Абдрахманов Рустам Бахтиёрулы 27.11–07.12.2025 ж. күндер аралығында Өзбекстан Республикасы, Самарқанд қаласындағы Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетіне іссапармен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе алмасу және жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бағытында жұмыс істейтін жетекші ғалымдармен ғылыми байланыс орнату болды.
Іссапар барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесулер өткізіліп, жоба аясындағы зерттеу жұмыстары таныстырылды. Бірлесіп әлеуметтік желілердегі кибербуллинг түрлері, тілдік және эмоционалдық ерекшеліктері талданып, өзбек және қазақ тілдеріндегі агрессиялық мәтіндер бойынша салыстырмалы деректер жинақталды.
Сонымен қатар, кибербуллингті автоматты анықтауға арналған жасанды интеллект модельдерін жетілдіру, мәтіндерді алдын ала өңдеу және деректерді белгілеу бойынша ортақ әдістемелер әзірленді. BERT-негізіндегі көптілді модельдер тестіленіп, олардың тиімділігі анықталды.
Іссапар нәтижесінде екі ел жастарының онлайн тілдік ерекшеліктерін қамтитын кибербуллингке тән сөздер мен тілдік үлгілердің кеңейтілген тізімі жасалды. Сондай-ақ, «Жасанды интеллект көмегімен әлеуметтік желілерді талдау» тақырыбындағы 20 сағаттық қысқа курсқа қатысып, сертификат алынды.
Жалпы, іссапар жобаның ғылыми мазмұнын тереңдетіп, практикалық маңызын арттыруға және Самарқанд мемлекеттік университетімен ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, аталған университеттің оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми материалдарының электронды нұсқаларын университет кітапханасына ақысыз беру жөнінде келісім жасалды.