Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өткен қонақ дәріс: «Өнер, философия және сакралды идеялар»

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің білім алушылары өнер мен философия саласындағы жетекші сарапшылар – Мусаходжаева Раушан Қожабекқызы және Иманжүсіп Раушан Нұрханқызымен кездесудің бірегей мүмкіндігіне ие болды.

Мусаходжаева Раушан Қожабекқызы – «Шабыт», «Астана-Мерей», «Құрманғазы», «Тәттімбет Қазанғапұлы», «Ерден» сынды республикалық және халықаралық жас орындаушылар байқауларының ұйымдастырылуына сарапшы ретінде қатысатын, сондай-ақ ірі мәдени іс-шаралардың тұрақты қазылар алқасының мүшесі. Кездесу барысында ол қазақ өнері тарихындағы сакралды есімдер туралы баяндап, ұлттық мәдениеттің заманауи байқаулар мен фестивальдермен сабақтастығын ашып көрсетті.

Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының профессоры, жас буынға Шоқанның ғылым жолындағы өлшеусіз еңбегін, оның әлемдік деңгейдегі зерттеуші ретіндегі дара болмысын терең түсіндірді. 15 жыл бойында экспедицияға шығып, Шоқанның ізімен жүріп, Шоқанның мұрасын зерттеп, Шоқанның қай жерде болғанын, қандай экспедицияда болғанын зерделеген Раушан Нұрханқызы, өзі қалыптастырған «Шоқан жолдары» атты бірлестіктің ұмысымен де таныстырды. Кездесуде айтылған әрбір пікір білімге шақырған үн, ізденіске жетелеген ой, ұлт руханиятына деген құрметтің белгісіндей болды.

Білім алушылар талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесу қатысушыларға ұлттық дәстүрлерді, мәдени мұраның дамуындағы өнер мен философияның рөлін тереңірек түсінуге, сондай-ақ байқаулар мен фестивальдерді ұйымдастыру және бағалау ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берді.

Мұндай кездесулер – тек жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар туризм, қонақжайлылық және мәдени жобалар саласындағы болашақ кәсіби қызметке шабыт беретін маңызды алаң.

Аталған қонақ дәріс университеттің академиялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыру жолындағы тағы бір қадамы болып, жастарға бірегей мәдени және ғылыми білімге қол жеткізуге жол ашты.06.01.2025 ж. Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өткен қонақ дәріс: «Өнер, философия және сакралды идеялар»