IUTH студенттері “Бизнес акулалары” жоба байқауында жүлделі ІІ орынға ие болды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті республикалық жоғары оқу орны студенттері арасында “Бизнес акулалары” атты жобалар байқауын өткізді.

Байқаудың мақсаты:

  • Дарынды студенттерді іріктеу және қолдау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Білім алушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру;
  • Студенттерді ШОБ дамыту бойынша заманауи міндеттерді шешуге тарту;
  • Білім алушылардың кәсіпкерлік қызметке қызығушылығын арттыру.

Осы тұрғыда, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің 3 курс студенттері – Қалдарбекқызы Алтынай, Ғабитова Үміт, Қабиева Жұлдыз, Исақұл Елана өздерінің «KESH FOR YOU» жобасымен нағыз кәсібиліктерін көрсетті. Дарынды студенттерге жетекшілік еткен – Қарғабаева Сәуле Төлеуқызы э.ғ.к қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы “Қонақжайлылық” кафедрасының меңгерушісі.

“Бізге түрлі іс-шараларда жұмыс істеген ұнайды. Тіпті, маңызды жиындардағы маркетингтік науқан, қалай жүзеге асатынына куә боламыз. Алғашқы жобаның өзінде көпшілікті не қызықтыратынын және қандай нәрсе қуантатынын түсіндік” – дейді жобаға қатысқан студенттер.

Қаржы және стратегиялық қызмет жөніндегі вице-ректор Қарлығаш Аралбекова “Бизнес акулалары” сияқты байқаулар кәсіптік бағдарлау болып табылатынын айтады.

«Мұндай байқаулардың әлеуметтік бағытында – білім беру және өмірлік баспалдақ функциясы бар. Ал сіздердің осы жеңістеріңіз көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Тіпті байқауға қатысып, жоба дайындаудың өзі – жеке өмірлік жолыңызды дұрыс бағамдауға септігін тигізетініне сенімдімін», – дейді Қарлығаш Аралбекова.

Студенттер мен олардың жетекшісін жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Алдағы жолға шығармашылық табыс тілейміз! 

IUTH Баспасөз қызметі