
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Департамент басшысы А.Д. Наурызбаев және Университет ректорының міндетін атқарушы Л.И. Шалабаева қол қойып, тараптар жоғарғы курс студенттерін мемлекеттік қызметке кәсіби бағдарлау бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Аталған бастама – 2018 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан Департамент жанындағы «Жас мемлекеттік қызметші» мектебі аясында қолға алынуда. Жоба жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру, кәсіби дағдыларын дамыту және отансүйгіштікке баулу мақсатында құрылып, бүгінде өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттерін қамтып келеді.
Меморандум аясында университеттің мемлекеттік қызметке ынталы жоғары курс студенттері мектепке тартылып, олар үшін арнайы оқыту курстары, тәжірибелік сабақтар мен кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылады.
Бұл – студенттердің мемлекеттік басқару жүйесін тереңірек түсініп, болашақ маман ретінде өз орнын табуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Мемлекеттік қызметке жас кадрларды тарту – кәсіби, тиімді әрі заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды тетігі.
Осы орайда жасалған келісім – ел болашағына қызмет ететін жаңа буын мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың нақты көрінісі.