
Түркістанда туризм саласын дамытуға бағытталған «Туризмге қадам: Гидтерге арналған танымдық курс» өз мәресіне жетті. Қатысушылар гид-экскурсовод дайындау негіздері бойынша білім алып, арнайы сертификаттармен марапатталды.
Аталмыш курс IUTH (International University of Tourism and Hospitality) университеті мен Түркістан облысының Туризм басқармасы арасында жасалған Біліктілікті арттыру курстары (БАК) туралы шарт аясында ұйымдастырылды.
Курс барысында тыңдаушылар экскурсия жүргізудің теориялық негіздерімен қатар, практикалық дағдыларды да меңгерді. Оқыту бағдарламасына экскурсия құрылымы, туристермен тиімді коммуникация, мәдени және тарихи нысандармен таныстыру әдістері, сондай-ақ кәсіби этика мен қауіпсіздік шаралары енгізілді. Тыңдаушылар оқу соңында шағын экскурсиялық жобаларын қорғап, алғашқы тәжірибелерін сәтті көрсете білді. Курс туризм саласында жұмыс істеуге ниетті жастар мен кәсіби бағыт іздеген азаматтар үшін маңызды бастама болды.
Бұл жоба – өңірдегі туристік әлеуетті арттыруға, сапалы кадр дайындауға және Түркістанның туристік имиджін көтеруге бағытталған нақты қадам.