
Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде ХІІІ Жазғы Универсиада ойындарының жабылу салтанаты өтті.
Тарихы терең Түркістан төрінде, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында өткен бұл айтулы дода өз мәресіне жетті.
⚜️Салтанатты рәсім барысында Университет ректоры Әлібек Шоқпаров Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның қатысушыларға арналған ыстық сәлемін жеткізіп, министрлік тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді. Сонымен қатар, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық ЖОО өкілдеріне, жаттықтырушылар мен еріктілерге ризашылығын білдірді.
⚜️Бір ай бойы еліміздің 79 жоғары оқу орнынан келген 4000-ға жуық студент 17 спорт түрі бойынша өзара бақ сынады. Жігерлі жастар рух пен табандылықтың, еңбексүйгіштік пен намыстың жарқын үлгісін көрсетті. Олар қиын сәттерде бір-біріне қолдау білдіріп, жеңімпаз атанған командалардың жеңісіне ортақ қуанды. Бұл Универсиада – мықтылар арасындағы жарыс қана емес, достық пен бауырмалдықтың алаңына айналды.
🏆Салтанатты жабылу рәсімінде Универсиада туы келесі ойындарды өткізу мәртебесіне ие болған Қазақ спорт және туризм академиясына (Алматы қаласы) салтанатты түрде табысталды. XIV Жазғы Универсиада дәл осы академияда өтетін болады.