“Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы шығармашылық концерт”

Ағымдағы жылдың 10 қарашасында университеттің акт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мәдениет қайраткерлері – Мәскеу қаласындағы “Мұрагер” қазақ қауымдастығы өнер бөлімінің меңгерушісі Абылайхан Оспанов пен жастар сыйлығының лауреаты, белгілі композитор Бекжігіт Сердалінің қатысуымен шығармашылық концерт өтті.

Іс – шараның басты қатысушылары – Желтоқсан оқиғасының қаһармандары: жеке кәсіпкер Жеңісбек Жапеков және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ – түрік университетінің доценті Забираш Әділбекова, сондай – ақ “Халықаралық туризм және меймандостық университетінің” Басқарма Төрайымы – Ректор М.С. Мурзамадиева, Құзыреттілік және мансап орталығының басшысы М.З. Агадилова, «Туризм және спорт» факультетінің деканы – Д.С. Асан, «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының меңгерушісі Э.Е. Альжанова, Құзыреттілік және мансап орталығының бас маманы А.Б. Ермухамедов және университет оқытушылары мен студенттер болды.

Концерт 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері туралы үш минуттық деректі фильмнің көрсетілімінен басталды. Іс-шараның ресми бөлігін Ректор М.С. Мурзамадиева ашып, барлық қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, Желтоқсан оқиғасының қазақ халқы үшін маңыздылығын атап өтті.

Абылайхан Оспанов пен Бегжігіт Сердәлі туған жерге деген отан сүйгіштік, махаббат пен жылулыққа толы өздерінің авторлық әндерін орындады. Орындаушылардың шеберлігінің арқасында көрермендер қазақ мәдениетінің бастаулары мен тереңдігіне тәнті болды.

Шығармашылық кеш өте жоғары деңгейде өтті. Көрермендер мен қонақтар көптеген жағымды эмоциялар мен әсер алды.