Министр культуры Актоты Раимкулова о театре, кино, туризме и спорте

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Atameken Business телеарнасына еліміздің театрлары, кино төңірегіндегі мәселелер, спорт пен туризм бағытындаға жаңа бастамалар туралы көлемді сұхбат берді. 

«Менің анам керемет ән айтушы еді. Ол кәсіби әнші бола алмады, Ұлы Отан соғысы уақыт еді. Әкем – жазушы. Райымқұлов Рахметолла домбыраны да тәуір шертетін. Үйімізде ән, жыр ойнап тұратын. Ірі музыканттар қонақ болды. Қазақтың керемет композиторы Сыдық Мұхамеджановты әкем маған музыкалық аспап таңдауға ертіп барды. Бес жасымда үйге фортепиано алып келген сәт әлі көз алдымда», – деп бала күнін еске алды Ақтоты Рахметоллақызы. 

Министр мемлекеттік қызметте жүрсе де түні бойы көз ілмей, музыка жазуға әуес екенін және аспапта отырған сәтінен рухани ләззат алатынын айтты. 

Сұхбат ауаны мемлекеттік қызмет жөніне ауысқан тұста ҚР Мәдениет және спорт министрі ведомствоның 2021 жылға қандай жобаларды жоспарлап отырғанын айтып берді. 

«Өткен жылы пандемияға байланысты жүзеге аспай, биылғы жылға ауыстырылған жобаларды, бағдарламаларды іске асырамыз деп үміттенеміз. Мәдениет саласындағы кез келген контент, кез келген тауар қазақ халқының рухын көтеріп, келешек буынды тәрбиелеуге бағытталады. Сондай-ақ, ұлттық мәдениетімізді шетелде насихаттауға да баса мән беріледі», – деді ол. 

Ақтоты Рахметоллақызы министрліктегі ішкі қайта құру жұмыстары туралы, мемлекеттік мүлікті жекеменшікке беру туралы бірқатар қауесеттер негізінде қойылған сұраққа төтесінен жауап берді. 

«Бұл сұрақ біршама уақыт бойы талқыға түсті. Мәдениет саласын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қарамағындағы Мәдениет және департаменті қадағалайды. Демек, бұл – министрлік ішіндегі жұмыстар. Түрлі мәдени нысандарды жекеменшікке өткізу мәселесі келесі жылы толық аяқталуға тиіс. Өйткені, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына «мемлекеттік немесе квазимемлекеттік мәдени нысандар жекеменшікке өткізілмейді» деген норма енгізілді. «Қазақфильм» – біздің еліміздің бренді. Сондықтан атақты киностудия өз жұмысын жалғастыра береді. 

Бізде керемет кинематографистер бар, олардың әрбірінде керемет идеялар бар. Барлығы жақсы туынды түсіргісі келеді. Бізде кино түсіруге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндай тәжірибе көптеген елде жоқтың қасы. Бұл – керемет мүмкіндік. 
Қазір «Кино туралы» жаңа Заң шеңберінде егер кімде кім жақсы картина түсіруге қаржылай қолдау білдірсе, онда ол бірқатар салықтардан босатылады. Егер кинотеатрлар отандық кинотуындыларды прайм-таймда көрсетсе, ол да салық төлеуге белгілі бір жеңілдік алады», – деді ол. 

Ақтоты Рахметоллақызы театрлар мен кинотеатрлардың пандемия жағдайындағы жұмысы туралы, «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылындағы» жаңа жобалар туралы тарқатып айтып берді. 

Сұхбаттың толық нұсқасы төменде: